Павлодарда жылуға қатысты шағым көп түсетін мектептер тексерілді

Павлодарда жылуға қатысты шағым көп түсетін мектептер тексерілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығында жылу әлсіз баратын мектептер бақылауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин ата-аналар және тұрғындар тарапынан шағымдар түскен оқу орындарын аралап шықты. Әсіресе, Мақпалеев, №6, 11, 39, 21, 18 мектептеріне қатысты өтініштер көп болды.

– Қатты аяздың басталуымен қаланың кейбір мектептерінде жылыту жүйесімен проблемалар туындағанын жоққа шығара алмаймын. Әр мектепте жылу тораптары тексерілді. Қызметкерлермен сөйлесіп, мәселені бақылауға алуды тапсырдым. Мысалы, № 39 мектепте температура қажетті параметрлерге кіре бастады,– деп жазды бөлім басшысы өзінің жеке парақшасында. 

Оның сөзінше, биыл №18 мектепте жылу торабына күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінгі күні мердігер батареялардың қызбауының себептерін жойды. Ал №21 мектепте терезелер оқшауланып, батареялардың жағдайы қаралды.

– Павлодар мектептерін жылумен және балаларға ыңғайлы оқытумен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілетін болады. Келесі жылы № 18, 21 мектептердегі терезелер ауыстырылады. Сондай-ақ, №24, 29 мектептер бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде,–деп атап өтті Қуаныш Қыдыралин. 

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы мектептерде жылыту жүйесіне қатысты проблемалар болса, бөлімнің парақшасында пікір қалдыруды сұрайды.