Павлодарда жылу маусымы аяқталды

Павлодарда жылу маусымы аяқталды

Алдағы уақытта жылу желілері сынақтан өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Павлодарэнерго» АҚ мәлімдеуінше, бүгін, 24 сәуір күні қала әкімінің қаулысына сәйкес Павлодарда жылыту маусымы аяқталды. 

- Жылыту маусымын аяқтау туралы шешім тұрақты оң орташа тәуліктік сыртқы ауа температурасына байланысты қабылданды, - деді «Павлодарэнерго» АҚ-да.

27-29 сәуір аралығында «Павлодар жылу желілері» ЖШС «Қазақстан алюминийі» АҚ 1-ЖЭО-дан қамтылатын жылу желілерінде максималды есептік температурасына сынақ өткізеді. Сынақты өткізу мақсаты - жылу желілері құбырлары мен жабдықтарындағы ақауларды анықтау.

Осы кезеңде сынақтардың жүргізілуіне байланысты қаланың оңтүстік бөлігіндегі: 29 қараша – Естай – Абай - Кривенко – Малайсары батыр - Қамзин көшелерінің шегіндегі тұрғын үйлерде және Екінші Павлодар, Шығыс, Саяжай, Достық, Усолка және Зеленстрой шағын аудандарында ыстық су тоқтатылады.

Ал, 1-3 мамыр аралығында 2-ЖЭО-дан, 4-6 мамыр аралығында 3-ЖЭО-дан қамтылатын жылу желілері сынақтан өткізіледі. Аталған кезеңде қаланың солтүстік бөлігіндегі тұрғын үйлерде ыстық су тоқтатылады.

8-18 мамыр аралығында жөндеу жұмыстарының алдында жылу желілерінің беріктігіне гидравликалық сынақтар өткізу жоспарланған. Гидравликалық сынақтар жүргізу кезеңінде 8 мамырдан 12 мамырға дейін қаланың оңтүстік бөлігінде, 13-18 мамырда солтүстік бөлігінде ыстық су болмайды.

- Жылу желілерінен қамтылатын ақаулары анықталмаған тұрғын үйлерде сынақтар аяқталғаннан кейін ыстық сумен қамту қалпына келтіріледі. Аталған кезеңде жылу желілері өтетін жерлерде сақ болуды сұраймыз, - деді кәсіпорында. 

Барлық анықталған ескертулер мен бұзушылықтар бойынша 57-07-51 («ПТС» ЖШС диспетчерлік қызметі); 63-01-13 (пайдалану ауданы) телефондары бойынша хабарласуға болады.

Фото: Константин Шелков