Павлодарда жол ережесін бұзатын жүргізушілер азаймай тұр
Әсіресе бағдаршамның белгілеріне бейжай қарайтындар көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында полиция қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізуде. Тәртіп сақшылары автожолдарды тексеріп, жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзушылықтардың жолын кесу шараларын қатаң бақылауда.
– Жуырда Павлодар қаласында Назарбаев – Баймолдин көшелерінің қиылысында «Нива» маркалы автокөліктің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп, өз өмірі мен қоса жолаушыларын және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірді. Жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды, - дейді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Басқарма бастығы жол қозғалысы қағидаларының ең негізгі талаптарының бірін сақтамау жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін әрі оның салдарынан адам шығыны болуы ықтимал екенін ескертеді.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткені үшін 400-ге жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.