Павлодарда жолдағы камералар ережеге бағынбайтындарды анықтауда

Павлодарда жолдағы камералар ережеге бағынбайтындарды анықтауда
Фото: Константин Шелков

Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жол бойына орнатылған камералар жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесуде. Бүгінгі таңда облыс аумағында тәулік бойы 67 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде 117-сі - көшелік камералар. Аталған жүйелер қылмыстардың алдын алуда, оларды жедел ашуда, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуде маңызды рөл атқарады. 

Бейнекамералар көлік қозғалысын жедел бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды «ізін суытпай» анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қылмыстарды жедел ашуға ықпал етеді.

– Мысалы, Павлодар қаласында Торайғыров көшесінде бейнебақылау инспекторлары ВАЗ-2107 маркалы автокөлік жүргізушісінің жол белгісін елемеу фактісінің жолын кесті. Тағы бір жағдайда вокзал маңы алаңында Audi маркалы көліктің жүргізушісі «Кіруге тыйым салынады» деген тыйымды елемей, белгінің астымен өткен. Жол белгілері мен жол жүріс бөлігінің таңбалары талаптарын сақтамағаны үшін құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД ЖБО бастығының міндетін атқарушы Ғомар Шәбиденов.

Полиция цифрлық технологияларды дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және халықпен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.