Павлодарда Жолдау міндеттерін іске асыру барысы талқыланды

Павлодарда Жолдау міндеттерін іске асыру барысы талқыланды
Фото: Айбек Жуматов

Оған облыс активінің өкілдері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиынды Асайын Байханов кіріспе сөзімен бастады. Өңір басшысы өз сөзінде ел Президенті жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда үлкен жауапкершілік таныту керектігін алға тартты.

– Бүгін біз Мемлекет басшысының дүйсенбіде Қазақстан халқына арналған жолдауын талқылау үшін жиналдық. Осы залда Жолдаудың жүзеге асуына нақты үлес қосатын қоғам белсенділері мен жауапты тұлғалар бас қосты. Жолдау – ел дамуының тиянақты бағытын айқындайтын стратегиялық және саяси негіздеме. Ел Президенті өз сөзінде экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың әл ауқатын арттыру «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруды қатаң тапсырды, – деді Асайын Байханов.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында білім саласына өзгерістер енгізу керектігін атап өткен еді. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өңірдегі білім саласында жасалған жұмыстарға кішігірім шолу жасады.

– «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында біз әлемдік стандарттар мен цифрлық талаптарға сай заманауи мектептер ашудамыз. Биыл бірінші қыркүйекте «Достық» шағын ауданында 1200 орындық жайлы мектеп ашылды. №47 мектепте алты жүз орындық қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде, – деді Айгүл Мәлікова.

Президент оқыту мазмұнын жаңарту, экологиялық тәрбиені дамыту және жастарды сандық дәуірге дайындау қажеттігін де атап өтті.

–  «Қазақ Digital мектебі» цифрлық платформасын енгізу шағын жинақты ауылдық мектептер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы орайда барлық ауылдық мектептерде интернет желісін жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп пайымдады облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, кездесу барысында әкімнің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов та кішігірім есеп берді.

– Қазір ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба келер жылы аяқталады. 2027 жылы ұшу-қону жолағын бес жүз метрге дейін ұзарту және әуежай залын кеңейту жұмыстарын бастаймыз. Мұның бәрі әуежайды халықаралық хаб деңгейіне дейін көтеруге жол ашады, – деді Серік Батырғожинов.

Жиын соңында аймақ басшысы Президент жолдауының әр бастамасы стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жолдауда қойылған барлық міндеттерді орындау үшін іс-шаралар жоспарын 20 қыркүйекке дейін бекітуді тапсырды.

Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың әкімдеріне осы жұманың соңына дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша жергілікті жиындарды өткізуді тапсырды.