Павлодарда ірі есірткі арнасы жойылды

Павлодарда ірі есірткі арнасы жойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мыңнан астам доза тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірлік прокуратураның үйлестіруімен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде «синтетика» таратумен айналысқан ірі арнаның жолы кесілді. Мыңнан астам бірреттік доза тәркіленді.

Операция барысында бұрын сотталған жергілікті тұрғын ұсталды. Жеке тінту барысында одан сатуға дайын шамамен 60-қа жуық жасырын қойма табылды. Күдіктінің пәтерін тінту кезінде полицейлер синтетикалық және психотроптық заттардың ірі партиясын анықтады. Мамандардың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — метилметкатинон (мефедрон), жалпы салмағы 1,2 килограмнан асады. Сондай-ақ, таразы, қаптама материалдары және қылмыстық әрекетті дәлелдейтін өзге де айғақтар алынған.

- Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деді Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.

Полиция қызметкерлері жеткізу тізбегін және ықтимал сыбайластарды анықтау үшін жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізуде.