Павлодарда қазақ кино өнері саңлағының құрметіне көрме ашылады
Ол кезінде Шоқан Уәлихановтың бейнесін сахнада сомдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
29 қазанда сағат 11:00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде режиссер, драматург, кино және театр актері Қасымхан Шаниннің туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ кино өнерінің саңлағы» атты көрме ұйымдастырылады.
Өнер иесі 15 қазан 1925 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын Шымкент драма театрынан бастап, Сахнада Шәкен Аймановтың «Абай» спектаклінде Михайлов, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» спектаклінде Мұңайтпас, К.Симоновтың «Прага каштаны аясында» спектаклінде Жокич, Ә.Тәжібаевтың «Майра» пьесасында Дүрбіт, т.б көптеген рөлдерді шебер ойнаған. Қасымхан Шаниннің шоқтығы биік жұмысы – Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектакліндегі Шоқанның бейнесі. Осы рөлі үшін ол қазақтың Шоқанын сомдаған актер ретінде тарихта қалды. 1958 жылы Алматыда өткен «Театр көктемі» фестивалінде бұл қойылым ерекше бағаланып, лауреат атанады. 1960 жылдан бастап Қасымхан Шаниннің режиссерлігімен «Біздің үйдің жұлдыздары», «Тау қызы», «Сенім күші», «Шұға», «Жаяу Мұса», «Амангелді» сынды сүбелі шығармаларды қойды. Сонымен қатар актер «Қазақфильм» студиясы түсірген Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» фильмінде Бүркітбай, М.Әуезовтің «Қараш-Қараш» оқиғасы фильмінде тілмаштың рөлін ойнаса, 1964 жылы Шәкен Аймановпен бірге «Алдар көсе» фильміне түсті.
Іс-шара барысында актердің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылады.