Павлодарда үлкен итті дәмхананың қасында қарғыбаусыз серуендеткен
Иттің иесіне әкімшілік шара қолданылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 сәуірде «102» операторының пультіне ер адам телефон шалып, Торайғыров көшесі, 6-шы үйдегі дәмхананың жанында әйел үлкен итті қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендетіп жүргенін, иттің қабаған екенін айтқан.
– Аталған аулаға келген тәртіп сақшылары иттің иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды. Санитарлық нормаларды сақтамайтын және көршілеріне ыңғайсыздық тудыратын үй жануарларының иелеріне қатысты шағым қоңыраулар түседі. Мұндай жағдайларда иелері санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға міндетті, олай болмағанда 10-нан 20 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге тура келеді, – деді департаментте.
Тәртіп сақшылары келесі ережелерді сақтау керек екені жайлы ескертеді:
Егер иесі ғимараттың ішінде болса, ит басқа адамдарға қауіп төндірмесе, ғимараттың жанында тұмылдырықта және қысқа қарғыбаумен қалдыруға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда ит адамдардың және көліктің өтуіне кедергі келтірмеуі керек. Сондай-ақ иттерді қоршалған аумақта ұстау қажет.
Егер үйдегі иттің немесе басқа үй жануарларының үруі көршілердің тыныштығын бұзса, сол жануардың иесі жауапқа тартылуы мүмкін.