Астанада Сәбит Дөнентаевтың жинағы қайта басылып шықты
Өңірдің зиялы қауым өкілдері Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдығына арналған рухани кешке қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астана қаласындағы республикалық Ұлттық кітапханада қазақтың көрнекті ақыны, жазушы Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойы кең көлемде ұйымдастырылды. Рухани іс-шараның өтуі мен Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» жинағының қайта басылып шығуына Ақсу қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалы мұрындық болды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеген мерейтойлық жиын барысында Сәбит Дөнентаевтың қайта басылып шыққан «Көркемтай» жаңа жинағының тұсауы кесілді. Жинақ – қазақ әдебиетінің өшпес мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құнды еңбек.
Салтанатты іс-шараға ақынның ұрпақтары Балқия Дөнентаева, Сәбит Дөнентаев атындағы Ақсу қалалық мәдениет сарайының басшысы Жәмилә Есембаева, ардагер журналист Сая Молдайып және ақын Алмас Ақтасов сияқты арнайы делегация қатысты. Аталмыш кешке Алматыдан арнайы ақынның ұрпақтары Жарқын, Асқар Дайырбековтер келді.
Сондай-ақ, әдебиет алыптары Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі мен ұлттық рухты көтерудегі қызметі жайлы баяндамалар оқыды.
– Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтай» әңгімесі – қазақ халқының тағдырын, елдің әлеуметтік жағдайын, жетімдер тағдырын терең толғаған шынайы шығарма. Оның шығармашылығы бүгінде де рухани азық, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болып қала бермек, – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Алаштанушы Сағымбай Жұмағұлов.
Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері ақынның өткір тілі мен терең ойлары қазіргі заманғы оқырман үшін де маңыздылығын жоймағанын, оның еңбектері ұлттық мұра ретінде қастерленіп, болашақ ұрпаққа жеткізілуі тиіс екендігін тілге тиек етті.
Айта кетейік, рухани кеште әсем ән шырқалып, күйші Қайрат Айтбаев «Саржайлау» күйін тамылжыта шертумен жалғасын тапты.