Павлодарда әскерилер майдангерлерді еске алды
Бұл шараға департамент басшысы да атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы баспасөз қызметінің мәліметінше, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында делегация жетекшісі, әскердің бас тәрбиешісі генерал-майор Қайрат Үмбетов және Павлодар облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Василий Скляр бастаған әскерилер «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ұлттық ұланның ардагерлері мен сарбаздары және Ішкі істер органдарының қызметкерлері антына адалдық танытып, қаза тапқан ерлерді еске алды. Тағылымды шара Қарулы күштер қатарында қызмет еткен, Ұлттық ұланның ардагері, тыл еңбекқоры Николай Зиченкоға арналған іс-шарамен жалғасты.
Сондай-ақ, «Ұлттық ұлан – ұлт рухы» концерттік бағдарламасы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынған еді. Ол жерде ансамбльдің қыз-жігіттері репертуарларындағы ерекше әндерді орындап, тыңдарман көңілінен шығуға тырысты.
Кеш барысында Ұлттық ұланның ән-би ансамблі халық әндерімен қатар қазіргі заман әуендерін де орындады. Ал 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауылы ротасы дефиле көрсетті. Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева әскерилердің өнеріне тәнті болғанын жеткізді.
– Бұл бәріміз үшін ерекше сыйлық болды. «Ertis Promenade» өнер көрсеткен тамаша дауысқа ие, биге шебер әскери қызметшілерге алғыс айтқым келеді, – деді Светлана Гладышева.
Айта кету керек, концерт соңында өнерпаздарға Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың атынан ықылас гүлі табысталды.