Павлодарда әйелдерге арналған кітап көрмесі ашылды

Павлодарда әйелдерге арналған кітап көрмесі ашылды
Фото: Кітапханадан алынды

Оған нәзік жандылардың әдемілігін әспеттейтін туындылар қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кітап көрмесі С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылды. «Сұлулық сыры – әйел әшекейінде» деп аталатын кітап көрмесіне 30-дан астам түрлі жанрдағы туындылар қойылған.

- Көрмеге қойылған кітаптар көбіне әшекей- бұйымдардың жасалуын, зергерлік бұйымдардың шығу тарихын, ою-өрнектердің қыр-сыры мен әйелдерге арналған киімдердің тарихынан сыр шертеді. Бұдан бөлек,  ұлттық киімдердің тарихын баяндайтын фотоальбомдар қойылды. Көрмеде қазақ ақындарының ана жайлы, арулар туралы жазған жырлар жинағы да бар, - дейді кітапхананың баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба.

Мәселен, көрмеге қойылған кітаптар қатарынан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай Шоқпарұлының фотоальбомы ойып орын алған. Жинақта ою-өрнек, темір, ағаш, тері тәрізді материалдарды көркемдеп өңдеудің қыр-сыры, технологиялық тәсілдері, құрал-жабдық атаулары жаттық тілмен жан-жақты қызықты баяндалады.  

- Бұл альбом иллюстрациялық  материалдарға өте бай. Сондықтан жастарға, өнер зерттеушілері мен мәдениеттанушыларға, этнографтарға, жалпы өнер сүйер көпшілікке арналған, - дейді ол.

Кітапхана қоры түрлі бағытта жинақталған құнды кітаптарға бай десек, қазыналар орталығында қолөнер бағытын дәріптейтін, әсіресе, әйелдердің әшекей-бұйымдарының өткені мен бүгінінен сыр шертетін, тарихын тереңінен қаузайтын кітаптар жинағы жетерлік. 

Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған көрме қазақ қыздарының әшекей- бұйымдарының тарихын зерттейтіндерге әрі оларды жасайтын қолөнер шеберлеріне арналған.

Көрермен назарына ұсынылған кітаптар арасында Сара Мыңжасарованың «Әйел бақыты», Ғалия Қайдауылқызының «Киелі кимешек», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» кітаптарын көруге болады.