Павлодардан Алакөлге қатынайтын пойыздар көбейеді

Павлодардан Алакөлге қатынайтын пойыздар көбейеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Маусымдық сұраныстың артуына байланысты қосымша теміржол бағыты іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылғы жазғы маусымда Ұлттық тасымалдаушы шамамен 4,2 миллион жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 230 мыңға жуық жолаушы Алакөл көлі курорттық аймағына қатынайды деп күтіледі. 

– Маусымдық сұраныстың артуына байланысты жаз мезгілінде Қазақстан темір жолы 15 қосымша теміржол бағытын іске қосады. Алакөл бағытына пойыздар еліміздің ірі қалаларынан, соның ішінде Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан қатынайды, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар №54/53 «Нұрлы жол – Достық», №253/254 «Нұрлы жол – Достық», №207/208 «Алматы – Достық», №211/212 «Алматы – Достық», №221/222 «Алматы – Достық», №457/458 «Семей – Достық», №459/460 «Өскемен – Достық» бағыттары бойынша, сондай-ақ «Қызылорда – Достық», «Алматы – Достық», «Павлодар – Достық» тіркеме вагондары, №201/202 «Алматы – Нұрлы жол», №203/204 «Нұрлы жол – Шымкент», №205/206 «Ақтөбе – Нұрлы жол», №219/220 «Қарағанды – Балқаш», №231/232 «Алматы-2 – Семей» бағыттарында ұйымдастырылады.

– Жазғы кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін екі мыңнан астам вагон, оның ішінде стандартты вагондар, «Тальго» құрамдары және электр пойыздары пайдаланылады. Вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған. Барлық жылжымалы құрам жазғы тасымалға алдын ала дайындалып, техникалық тексеруден және санитариялық өңдеуден өтті, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.

Мамандардың айтуынша, жолаушылар пойыздарында вагондарды тазалау және санитариялық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету бекітілген стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар жұмсақ алынбалы мүкәммал да белгіленген талаптарға сай жабдықталады. Барлық бағыттарда мультимедиялық ойын-сауық порталы қолжетімді болып, жолаушыларға фильм көру және музыка тыңдау мүмкіндігі беріледі. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы жабдықталған вагондар қарастырылған, ал билет рәсімдеу мен вокзалдарда көмекке өтінім беру қызметтері онлайн форматта жұмыс істейді.

– Жазғы тасымал маусымына дайындық ҚТЖ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, туристік операторлар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық қауымдастықтар қатысуымен жұмыс кеңестерінде тұрақты түрде талқылануда. Онда сұранысы жоғары бағыттарды қамту және қосымша рейстерді іске қосу мәселелері қаралады, – делінген хабарламада.

Билеттер теміржол кассаларында, bilet.railways.kz ресми сайтында және цифрлық билет агрегаторларында қолжетімді. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Instagram желісіндегі @jolaushylar_tasymaly ресми парақшасы арқылы алуға болады.