Павлодардың бірнеше көшесінде ағаштар жаңартылады
Ескі жасыл қорды қайта құру өткен жылы қабылданған дендрожоспарға енгізілген. Оның орындалуын экологтар бақылайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің айтуынша, Павлодарда 95 мыңға жуық ағаш өссе, оның 77 пайызы 40-50 жастан асқан.
– Өмірлік циклді ескеретін болсақ, бұл ағаштардың тиімділігі өте төмен. Бірақ олар көмірқышқыл газын сіңіріп, қаланың оттегін өндіретін «өкпесі» ретінде қызмет етеді. Сондықтан оларды қайта жаңғырту, яғни ескілерін алып тастап, жаңаларын отырғызу керек, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.
Ол Павлодарда түкпір-түкпірін көгалдандырудан бас тартылғаны, оның орнына көшеттер бірден үлкен аумақтарға орналастырылатынын және бұл күтімге қолайлырақ екенін атап өтті. Жасыл желектерді бақылайтын мердігерлермен үш жылдық келісімшарт жасалады.
Қайта құру жұмыстары ең алдымен Астана мен Академик Шөкин көшелерін қамтиды. Біріншісі – қаладағы «кәрі» ағаштар орналасқан көне көшелердің бірі, сондықтан абаттандыру жұмыстары сол жерден басталды. Дендрожоспарда жапырақты түрлерге басымдық беріледі. Сонымен қатар, қазір 10 жылдан асқан көшеттер таңдалады, себебі, біржылдық ағаштарға қарағанда жақсы жерсінеді.
Астана көшесіндегі 10-12 жастағы жөке ағаштарының алғашқы партиясы жуырда тамырымен жұлынған кәрі қайыңдардың орнына отырғызылды.
– Жөке ағаштары талғампаз емес, көгалдандыруға өте лайықты ағаш, біздің өңірде оңай тамыр жайып, жақсы өседі. Бұған қоса, эстетикалық тұрғыдан әдемі әрі қабығы жақсы қалыптасқан. Жалғыз осал тұсы – ақпан айының соңы мен наурыздың басында күн сәулесінен қабығы күйіп, үсіп қалуы мүмкін, – деп түсіндірді «Берегиня био» қоғамдық ұйымының жетекшісі Татьяна Пономарева. – Діңгектерін күн сәулесінен қорғайтын арнайы материалмен орап қойдық. Қабық пайда болғанша екі-үш жыл бойы осылай жасалуы керек.
Жөке көшеттері топырақпен бірге шұңқырларға отырғызылды. Биологтың айтуынша, бұл тамырдың басым бөлігін кем дегенде үш жыл сақтайды.
– Қаншама жас көшеттер қыстың қатты суығы мен күтімнің жоқтығынан өліп қалатынын білеміз. Топырақтың арқасында тамыр жүйесі үлкен қорды алады. Көктемде жөке ағаштары экологиялық және эстетикалық қызмет атқара бастайды, – дейді Татьяна Пономарева.
Экологтар қала көшелеріндегі жасыл желектерді кезең-кезеңмен жаңартуды ұсынды. Жұмыс 2028 жылға дейін жоспарланған.