Павлодар облысында жыл мұғалімі таңдалды

Павлодар облысында жыл мұғалімі таңдалды
Константин Шелковтың фотосы

ААймақтың 200-ге жуық мұғалімі мараппаталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Естай атындағы мәдениет сарайында мұғалімдер күніне арналған мәдени іс-шара өтті. Мерекелік жиында өңір педагогтарының қажырлы еңбегі мен білім беру ісіне қосқан үлесі лайықты бағаланып, үздік 42  ұстаз марапатталды.

Салтанатты шарада Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын ел болашағын айқындайтын басты құндылық ретінде белгілегенін атап өтті.

– Сапалы білім – әділетті қоғам құрудың негізі. Бүгінгі жетістіктеріміздің барлығы – ұстаздардың табанды еңбегінің арқасы. Сіздер жас ұрпақтың жүрегіне білім нұрын сеуіп, олардың болашаққа сенімді қадам басуына жол ашасыздар. Сондықтан еңбектеріңізге шексіз ризашылық білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Мұғалімдер күні аясында облыстың үздік педагогтері түрлі марапаттарға ие болды. Барлығы 42 ұстаз еңбектері үшін құрметке бөленді. Олардың ішінде: «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен тоғыз адам, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне сегіз адам, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен 15 адам, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы бес адамға, «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі бес адамға табысталды. Сонымен қатар, «Жыл мұғалімі – 2025» және «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2025» байқауларының жеңімпаздары да ерекше құрметпен марапатталды.

Биылғы «Жыл мұғалімі – 2025» республикалық байқауында үздік деп танылған Олжас Тасболатовтың айтуынша, ағылшын тілін меңгертуде басты назар балалардың еркін сөйлеу дағдыларын дамытуға аударылуы тиіс.

– Қазіргі заманда жасанды интеллект – оқытудың тиімді құралы. Оқушылар ағылшын тілінде AI-мен сөйлесіп, өз қателерін түзетеді, қызықтырған тақырыптарда пікір алмасады. Бұл олардың сенімділігін арттырып, сөйлеу дағдыларын жетілдіреді. Ал сыныпта 24 оқушыға жеке уақыт бөлу әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан осындай жаңа әдістер – уақыт талабы, – дейді дарынды  ер балаларға арналған «Білім- Инновация» лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 

Барлық марапат иегерлеріне 1000 АЕК көлемінде сертификаттар сыйға берілді. 

Облыстық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы – 2025» сайысының  бас  жүлдесін Жәмила Копишева алды.

– Бұл жеңіс – менің ғана емес, бүкіл ұжымымның жетістігі. Әріптестерімнің қолдауы, ақыл-кеңестері маған үлкен күш-жігер сыйлады. Жүрегіме сенімділік ұялатты. Жұмыс барысында заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, педагогтарға да тиімді мүмкіндік береді, – дейді Екібастұз қаласы № 28 сәбилер бақшасының тәрбиешісі.

Ұстаз – ел ертеңін тәрбиелейтін ұлы тұлға. Павлодар облысының мұғалімдері мен тәрбиешілері жылдар бойы білім мен тәрбиенің биік шыңына ұмтылып, жас ұрпаққа сапалы білім беруде талмай еңбек етіп келеді.

Бұл мерекелік шара олардың қоғамдағы мәртебесін көтеріп, еңбегін бағалаудың айқын дәлелі.