Павлодарлық құтқарушылар күннің ысуына байланысты сақтық танытуға шақырады

Павлодарлық құтқарушылар күннің ысуына байланысты сақтық танытуға шақырады

Өрттің барлығы адамдардың немқұрайлығынан болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы ТЖД шұғыл тобының мәліметінше, 6 мамырдан бастап өңірде  департамент  бөлімшелерімен 30-дан астам өрт сөндіру жұмысы жүргізілді. Оның ішінде 10 жағдайда құрғақ шөп, 6 жағдайда бау-бақша алқаптарының ашық жерлері, дала мен  жайылма аймақтар жанған. 

- 7 мамырда сағат 08:42-де Ертіс ауданының Ертіс ауылында Ертіс өзенінің жайылмасында құрғақ шөп пен қамыстың жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Өртті сөндіруге облыстық ТЖД, Ертіс ауылдық округінің өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мен Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері қатысуда, - дейді департаментте.

Алдағы күндері аймақта ауа температурасының көтерілуі күтілуде. Осыған байланысты ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.

 ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға, сондай-ақ күнделікті өмірде және жұмыста, шаруашылық қызметте қауіпсіздік шараларын сақтауға, өндірістік және технологиялық талаптарды бұзуға жол бермеуге міндетті.