Павлодарлық құтқарушылардың иелігіне әуе қайығы алынды
Техника күрделі табиғи жағдайларда құтқару операцияларын жүргізуге арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД басшысы Рустамбек Амриннің айтуынша, бұл қайық су бетінде, жұқа мұзда және батпақты жерде қауіпсіз қозғалуға мүмкіндік береді.
– Су тасқыны кезеңінде Ертіс өзені ені сегіз шақырымға дейін жайылып, көптеген аумақтар дөңгелекті техника үшін қолжетімсіз болып қалады, – деп түсіндірді ведомство басшысы. – Әуе қайығы бұл мәселені шешіп, құтқару бөлімшелерінің жоғары жылдамдығы мен мобильдігін қамтамасыз етеді.


Жаңа техника мемлекеттік сатып алулар аясында үнемделген бюджет қаражаты есебінен алынған.
– Қайықтың ең жоғары жылдамдығы – сағатына 100 шақырымға дейін, сыйымдылығы – алты адам. Әуе платформасы су бетінде де, мұз үстінде де тоқтауға мүмкіндік береді, бұл зардап шеккендерге жедел көмек көрсетуге жағдай жасайды, – деп жаңа техниканың сипаттамаларын баяндады Рустамбек Амрин.


Бұл жаңалық әсіресе қыс мезгілінде өзекті, себебі жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жұқа мұз үстіндегі балықшылармен байланысты. Павлодар арқылы ұзындығы шамамен 10 шақырым болатын жылы ағыс өтеді, бұл мұздың опырылу қаупін арттырып, жедел әрекет етуді талап етеді.
Оның айтуынша, осындай қайықтар елдің басқа өңірлерінде – Астана мен Ақтөбеде – қазірдің өзінде қолданылып, төтенше жағдайларды жою кезінде тиімді құрал ретінде өзін дәлелдеген.

Әуе қайығы павлодарлық құтқарушылардың арсеналына қосылуы төтенше жағдайларда әрекет ету уақытын қысқартып, өңір тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.