Павлодарлық қолөнерші Түркияда үздік шеберлермен сынға түседі

Павлодарлық қолөнерші Түркияда үздік шеберлермен сынға түседі
Фото:pixabay.com

Ол республикалық деңгейде дарындылығын дәлелдей алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Алматы қаласында өткен Х Республикалық «Жарық Жұлдыз» балалар өнер байқауында Оқушылар сарайының «Сырмақ» ұлттық қолөнер студиясының тәрбиеленушісі көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті.

Нұрайым Серікқалиева «Күн мен гүл» қолөнер жұмысымен бірінші орын дипломы мен медаль иеленіп, Түркияда өтетін финалға жолдама алды. «Сырмақ» студиясы 20 жылға жуық ұлттық қолөнерді дәріптеп, оқушылардың шығармашылығын шыңдап, олардың шеберлігін жетілдіріп келеді.

Аталмыш байқауда жетекшісі – Дәуірбек Жақсылық, талантты және дарынды шәкірттерге шығармашылық қолдау білдіріп, педагогикалық еңбегі арқылы жас ұрпаққа азаматтық, рухани-адамгершілік және эстетикалық тәрбие қалыптастырғаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Айта кетейік, студияда тәрбиеленушілер ұлттық қолөнердің әртүрлі түрлерін игереді. Мектеп жасынан бастап олар алаша тоқуды, киіз басуды, ши орауды, кесте тігу, кілем тоқуды меңгеріп, ұлттық дәстүрлерді бойына сіңіреді.

Бұл өнер түрлері олардың шығармашылығын дамытып, ұлттық мәдениетпен үндесетін шеберлікті қалыптастырады.