Павлодарлық өнерпаздар Италиядағы фестивальде ел намысын қорғады

Павлодарлық өнерпаздар Италиядағы фестивальде ел намысын қорғады
«Шаңырақ» орталығынан

Италияның Сардиния аралындағы Ассемини қаласында «Is Pariglias – 2026» халықаралық фольклор фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Шаңырақ сазы» халықтық фольклорлық ансамблі аталмыш өнер фестиваліне арнайы шақыртумен қатысты. 

Елуінші рет ұйымдастырылған беделді фестивальде Қазақстанмен қатар Перу, Польша, Сербия, Боливия, Никарагуа және Италияның шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. «Шаңырақ сазы» ансамблі халық әндері мен күйлерін орындап, шетелдік көрерменнің зор ықыласына ие болды.

— Бұл фестиваль – қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытуда маңызы зор болды. Көрерменнің ықыласы халқымыздың мәдени мұрасына берілген жоғары баға деп білеміз, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Ризолла Садықов.

Фестиваль аясында өткен халықаралық кездесулерге «Шаңырақ» орталығының басшысы Замира Солтанова қатысып, мәдени ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

— Осындай халықаралық жобалар ұлттық мәдениетімізді дәріптеп, шығармашылық байланыстарды нығайтуға жол ашады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Замира Солтанова.

Халықаралық фестивальге қатысу Павлодар өңірінің мәдени әлеуетін танытып, қазақтың дәстүрлі өнерін әлемдік деңгейде насихаттауға мүмкіндік берді.