Павлодарлық археолог: Ең бағалы жәдігерлердің бірі – Қимақ күймесі
Бұл жәдігер Байдала ауылының маңынан табылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атынағы Павлодар педагогикалық университеті Археологиялық зерттеулер институты «Марғұлантану» оқу-зерттеу кешенінің жетекшісі Еңлік Абеуованың айтуынша, Павлодар облысында табылған жәдігерлер көп. Олардың ішінде соңғы табылған бағалы жәдігер – Қимақ күймесі.
– Кенжекөл ауылынан 20 шақырым қашықтықта табылған жәдігердің құндылығының себебі – сақталуында. Ағаш немесе мата сынды материалдардың сақталуы өте сирек кездесетін құбылыс. Тапқан жәдігеріміз өте жақсы сақталған деп айта аламын. Ғалымдардың айтуынша, «Қимақ күймесі» Еуразия аумағындағы ортағасырлық көшпелілердің жылжымалы тұрғын үйінің жақсы сақталған жалғыз үлгісі саналады, – дейді Еңлік Абеуова.
Оның айтуынша, бұл қазба жұмыстарында күймеден басқа да заттаржәне күйменің астында екі жерлеу орны табылған. Жәдігерлер 2016 жылы табылса да әлі күнге дейін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Археологтар жәдігер сынып қалмас үшін арбаны топырағымен бірге қазып алып келген. Күйменің ұзындығы — екі метр, салмағы — 1 тонна шамасында.
2005 жылы ашылған орталық биылғы жылдың мамыр айынан бастап институт атағын алған.Бүгінгі таңда орталықтағы археологтардың барлығы – Марғұлан университетінің түлектері, яғни тарих факультетін бітірген мамандар.
Орталықта Ертіс-Баян өңірінен табылған құнды жәдігерлер топтастырылған. Сондай-ақ, қазба жұмыстарына міндетті түрде жеріміздің көне тарихын зерттеуге деген қызығушылығы бар жас ұрпақ қатысып отырады.
Айта кетейік, 15 тамыз күні елімізде Археологтар күні аталып өтеді. Бүгінгі таңда елімізде 4970 археологиялық ескерткіш тіркелген. Елімізде археология ғылымының негізін қалаушы Әлкей Хақанұлы Марғұлан.