Павлодарлық белсенділер Қалмаққырылған тауларында арқарларды фотоға түсірді

Павлодарлық белсенділер Қалмаққырылған тауларында арқарларды фотоға түсірді
Фото: Константин Шелков

Май ауданындағы Ақшиман ауылы маңындағы Қалмаққырылған тауларында зоологиялық фотоэкспедиция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 Сапар барысында мамандар өңірдің жануарлар дүниесін зерттеп, сирек кездесетін арқарларды фотоға түсірді.

Экспедиция Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының қолдауымен «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің мүшелерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Олардың қатарында географтар, биологтар мен экологтар болды. Шара «Павлодар облысында зоологиялық-ағартушылық жұмысты ұйымдастыру» жобасы аясында өтті.

14 адамнан құралған топ кешкі уақытта Павлодардан шығып, Ақшиман ауылына жеткеннен кейін Қалмаққырылғанның аласа таулы алқабына тағы шамамен 70 шақырым жүріп өтті. Түнде шатырлы лагерь тігіліп, таң ата мамандар жануарларды бақылауға кірісті.

- Экспедицияның басты мақсаты – өңірдің жануарлар әлемін суретке түсіру. Әсіресе, Қалмаққырылғанды мекендейтін арқарларды фотоға түсіруге ерекше мән берілді. Таңғы сағат үш-төрттен бастап фотографтар бұлақтар мен аң-құс жүретін соқпақтарды аралап, іздеу жұмыстарын жүргізді, - дейді экспедиция мүшелері.

Нәтижесінде экспедиция мүшелері арқарларды, қояндарды, түрлі құстар мен жәндіктерді объективке түсіре алды. Сонымен қатар, сапардың бейнежазбасы әзірленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында жиналған материалдар Павлодар өңірінің жануарлар дүниесінің қазіргі жай-күйін зерттеуге, ғылыми жарияланымдар мен экологиялық-ағартушылық іс-шараларды дайындауға негіз болады.