Павлодарлық биолог: сирек өсімдіктердің көбі жойылып кетуі мүмкін

Павлодарлық биолог: сирек өсімдіктердің көбі жойылып кетуі мүмкін
Фото: Виктор Камин

Кейбірі мұз дәуірінен бері сақталып келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында өсімдіктер миллиондаған жыл бұрын пайда болған. Бүгінде ондаған сирек кездесетін және эндемикалық түрі ерекше қорғауда.

Олардың бір бөлігі Қазақстанның Қызыл кітабына енсе, енді бір бөлігі өңір аумағында аз таралғандықтан қорғауды талап етеді.  Бұл өсімдіктердің басым бөлігі Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Ертіс өзенінің жайылмасы және қарағайлы аймақтарда кездеседі.

Торайғыров университеті агротехнология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Виктор Каминнің айтуынша, облыс аумағында көптеген сирек өсімдіктер азайып барады.

Өңір сирек өсімдіктерге бай. Олардың қатарында Павлов итмұрыны, будан пион, маралтамыр, нағыз сүйсін, көктемгі жанаргүл, қара қандыағаш және сібір қандағы бар, – дейді ғалым. 

Павлов итмұрыны Ертіс жайылмасының шалғындарында өседі. Биіктігі 45–60 сантиметр, қысқа тікенектері бар. Будан пион далалық шалғындар мен тастақты беткейлерде кездеседі, сабақтарының биіктігі 15–20 сантиметр. Маралтамыр орманды шалғындарда, ал нағыз сүйсін жарық ормандар мен бұталы алқаптарда өседі. Көктемгі жанаргүл алғаш 10–20 жасында гүлдейді. Қара қандыағаш тек Баянауыл тауларында сақталған, ал сібір қандағы ормандар мен шалғындарда кездеседі.

Ежелгі өсімдіктер қатарына казак аршасы, ұсақ жапырақты және бұталы куриль шайлары жатады. Бұл өсімдіктер Баянауылдың таулы қарағайлы ормандары мен тастақты беткейлерінде таралған. Мамандар олардың бүгінгі күнге дейін сақталуын ерекше табиғи жағдайлармен байланыстырады.

Облыста сирек кездесетін шөптесін өсімдіктердің қатарына қауырсынды селеу, мүк тәрізді мшанка, өркенді жасаңшөп, ірі астрагал, шайқурай, ірі гүлді иссоп, альпі және Париж қоскүлтелісі, батпақ ақкөзгүлі, жасылдау және домалақ жапырақты грушанка, біржақты рамиссия, биік шырмауықгүл, Турчанинов ұйықшөбі және тілше сарғалдақ кіреді.

Кейбір өсімдіктер облыста ғана немесе өте шектеулі аумақта таралған. Олардың қатарында қырықбуын тәрізді қылша, орыс жауқазыны, кіші лалагүл, Биберштейн қызғалдағы, қырғыз серпухасы, бұталы вайда, ұсақ жемісті сүттіген, сібір су жаңғағы, алдамшы бұйраған, сібір және түкті жанаргүл кездеседі.  Мәселен, ірі гүлді иссоп, қырғыз серпухасы, бұталы вайда жергілікті түрлер қатарына жатады. Ал бұталы вайда соңғы рет 1939 жылы тіркелген.

Сирек өсімдіктер санының азаюына бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында табиғи мекендеу ортасының бұзылуы, жерлерді игеру, жайылымдық қысым, өзендердің гидрологиялық режимінің өзгеруі, демалысқа келгендердің көптігі, орман және дала өрттері, сондай-ақ өсімдіктерді дәрілік немесе сәндік мақсатта бақылаусыз жинау бар, – дейді Виктор Камин.

Мамандар сирек өсімдіктерді сақтау үшін олардың табиғи мекендерін қорғауды күшейту, заңсыз жинауға жол бермеу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет екенін атап өтеді.