Павлодарлық инспектор ару республикада үздік атанды
Ол полицияның жоғары стандарттарына толық сәйкес келетін нәтижелілігімен ерекшеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ішкі істер министрлігі базасында еліміздің барлық өңірлерінен келген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімшелердің қызметкерлері қатысқан «Үздік маман» республикалық слеті өтті.
– Аталған байқауда Павлодар облысы полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы Индира Жүсіпова лайықты жеңіске жетіп, 1-орынды иеленді. Байқаудың мақсаты – жоғары кәсіби дайындыққа, терең білімге, практикалық дағдыларға және қызметке деген адалдыққа ие қызметкерлерді анықтау, – деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінде.
Сайыс барысында қатысушылар дене шыныққандық деңгейін, заңнаманы білуін, атыс даярлығы дағдыларын, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу, халықпен өзара іс-қимыл және қызметтік міндеттерді тиімді орындау бойынша әдістерді көрсетті.
Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша Индира Жүсіпованың жұмысы ең үздік деп танылды.
– Отбасы, әйелдер мен балаларды қорғау – полиция қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, құқықтық көмек көрсету. Бұл жеңіс – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Қолдау көрсеткен басшылыққа, бірлесіп еңбек еткен әріптестеріме және еңбегіме жоғары баға берген қазылар алқасына алғыс білдіремін. Бұл нәтиже әрі қарай кәсіби өсіп, халыққа тиімді қызмет етуге ынталандырады, – деді Индира Жүсіпова.
Мұндай іс-шаралар командалық рухты нығайтуға, қызметтік дағдыларды дамытуға және полиция органдарының оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.