Павлодарлық IT жобаға басқа өңірлер қызығушылық танытуда
Көпфункционалды «Involve Ecosystem» мобильді қосымшасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіповтің айтуынша, жобаның мақсаты – цифрлық ортаны барынша қолжетімді ету, яғни әр адамның қажетті қызметтерді өзгелермен тең дәрежеде пайдалануына мүмкіндік жасау.
– Бізге Қостанай, Түркістан және Ұлытау өңірлерінен жобаны масштабтау мүмкіндігін қарастыруға дайын екендіктерін білдірген өтініштер келіп түсті. Жыл соңына дейін шешім қабылдануы тиіс. Біздің мақсатымыз – бірден пайда табу емес, тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта функционалын кеңейтіп, бәсекеге қабілетті өнім жасау, – дейді басқарма басшысы.
Жобаның авторлары – Торайғыров университетінің Computer Science факультетінің студенттері. Экожүйе бірнеше бағытты біріктіреді.
Олардың бірі – тестілеу кезеңінен өткен инватакси қызметі. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық аумағын қамтитын «Open Ways» картасы бар. Ол қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын көрсетеді.
Тағы бір бағыт – «In Love». Бұл танысуға және қарым-қатынас жасауға арналған сайт пен мессенджер. Қосымшада пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін дауыстық функциялар мен контрастты тақырыптар қарастырылған.
Әзірлеушілер қосымшаның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, теміржол билеттерін жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігін, жаңалықтар бөлімін, спорттық үйірмелер туралы ақпаратты және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс іздеу сервисін қосу жоспарлануда.
Сондай-ақ, коммерциялық бағыттар да қарастырылып жатыр. Олардың қатарында арнайы тауарлардың жарнамасы, таксопарктермен және жеткізу қызметтерінің агрегаторларымен серіктестік орнату бар.
Қосымша екі жылдан бері әзірленіп келеді. Студенттер әр бағытты жеке дамытып, кейін оларды біртұтас экожүйеге біртіндеп біріктіруде. Алдағы жоспарлардың бірі – инватакси қызметін бүкіл Қазақстан бойынша масштабтау және жаңа функцияларды іске қосу.
Айта кетейік, Павлодар облысында 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның ішінде төрт мыңнан астамы – балалар.