Павлодарлық кәсіпкерлер туризмдегі кадр мәселесін шешуді сұрайды

ӨКП жанындағы туризм және қонақжайлылық салалық кеңесінде аймақтағы туризмді дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиынға «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбенов төрағалық етті.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жакенов туризм саласындағы кәсіпкерлерге тұрақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың жеті түрі қарастырылған.
– Оның төртеуі жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Олар: жол бойындағы сервистік нысандарды салу шығындарын өтеу, туристік нысандарды салу және қайта жаңарту шығындарының бір бөлігін субсидиялау, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға көмек беру, сондай-ақ туризм саласына арналған автокөлік сатып алу шығындарын өтеу, – деді ол.
Жакенов санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған субсидиялар жергілікті бюджеттен бөлінетінін нақтылады. 2023–2024 жылдары бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 10 миллион теңге қарастырылған. Ал жол бойындағы сервисті дамыту республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
2023 жылы төрт өтінім мақұлданып, 1,6 миллион теңге бөлінген. 2024 жылы тағы төрт өтінім түсіп, 2,9 миллион теңге қарастырылған. Көбіне заманауи әжетхана салу үшін жанармай құю станциялары өтініш береді.
– Мұндай қолдау шаралары бар болғаны қуантады. Бірақ кей жерлерде кәсіпкерлердің мүдделері ескерілмей қалуы мүмкін. Сондықтан қосымша қолдау тетіктерін енгізуге болады, – деді «Атамекен» ӨКП директоры.
Ерқанат Әбенов мемлекеттік қолдау тек қаржылай ғана емес, кадр мәселесін шешу арқылы да көрсетілуі тиіс екенін баса айтты. Туризм саласында білікті маман даярлау маңызды екенін жеткізді.
– Үлкен аумақтарды дамыту бағдарламасы жоспарлануда, оған сәйкес қаржы бөлінеді. Бірақ, өкінішке қарай, туризм басым бағыттар қатарында емес, көбіне шетте қалып қояды, – деді ол.
Сонымен қатар, палата басшысы туризм саласының ерекшелігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала ұзақ мерзімді әрі жеңілдетілген қаржыландыруды талап етеді. Себебі туристік маусым небәрі екі айға созылады. Осы қысқа уақытта демалыс үйлері несиесін өтеуге мәжбүр, ал қазіргі банктік өнімдер туризмді қаржыландыруға толық бейімделмеген.