Павлодарлық кәсіпорын жиһаз өндірісін цифрландырды
Шаһарда жиһаз өндірісіне қызмет көрсететін кәсіпорын заманауи технология арқылы жұмыс қарқынын арттырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында жиһаз өндірісіне арналған материалдарды өңдеумен айналысатын «Формат Мастер» компаниясы мемлекеттік қолдаудың арқасында өндіріс тиімділігін арттырып, көрсетілетін қызмет көлемін 40 пайызға ұлғайтты. Бүгінде кәсіпорын заманауи автоматтандырылған жабдықтың көмегімен Қазақстанның бірнеше қаласындағы жиһаз өндірушілеріне қызмет көрсетіп келеді.
Компания директоры Баян Паламарчуктың айтуынша, кәсіпорын осы жылы маусым айында өзінің 13 жылдық мерейтойын атап өткен.

«Формат Мастер» жиһаз өндірісіне қажетті ламинатталған ағаш-жаңқалы тақта, орташа тығыздықтағы талшықты тақта және фанера материалдарын тапсырыс берушілердің өлшеміне сәйкес кесіп, өңдеу қызметін ұсынады. Кәсіпорын дайын жиһаз шығармайды, негізгі тұтынушылары – жиһаз өндіруші компаниялар. Сонымен қатар, жеке тапсырыс берушілерге де қызмет көрсетеді.
Соңғы жылдары кәсіпорын өндірісті жаңғыртуға ерекше көңіл бөлген. Осы мақсатта «Даму» қорының қолдауымен автоматтандырылған аралау орталығы сатып алынған. Бұл – Павлодар облысындағы осындай үлгідегі жалғыз жабдық.
– Заманауи станок тапсырыс берушінің өлшемдері бойынша материалды толық автоматты режимде кеседі. Біз арнайы «Базис» және Cutting 2 бағдарламалары арқылы жиһаз бөлшектерінің жобасын әзірлеп, материалдың тиімді орналасуын есептейміз. Осыдан кейін автоматты аралау орталығы барлық бөлшектерді миллиметрлік дәлдікпен дайындайды, – дейді Баян Паламарчук.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, жаңа жабдық ең алдымен өнім сапасын арттырып, өндірістегі қателіктерді жойған. Сонымен қатар, тапсырыстарды орындау уақыты қысқарып, қызмет көрсету көлемі едәуір өскен.
Бүгінде компанияда бес адам тұрақты жұмыс істейді. Автоматтандырылған жабдық іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қызмет көлемі шамамен 40 пайызға артқан.
Қазіргі таңда «Формат Мастер» тек Павлодар облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де қызмет көрсетеді. Компания клиенттері қатарында Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жиһаз өндірушілер бар. Тапсырыстар қашықтықтан қабылданып, арнайы бағдарламалар арқылы өңделеді.

Компанияның қалыптасу тарихы да отбасылық кәсіпкерліктің табысты үлгісі саналады. Кәсіп алғашында директордың жұбайының жиһаз құрастыру қызметінен басталған. Кейін ерлі-зайыптылар күш біріктіріп, шағын тапсырыстар қабылдай отырып, өз өндірістерін жолға қойған. Бүгінде кәсіпорын өңірдегі жиһаз өндірісіне қызмет көрсететін жетекші компаниялардың біріне айналды.
– Алдағы уақытта өндірісті одан әрі жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, «Даму» қорының қолдауымен қазіргі қолданыстағы жиек қаптау станогын жаңасына ауыстыруды жоспарлап отыр. Жаңа жабдық өндіріс мүмкіндігін кеңейтіп, көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Баян Паламарчук.
Қазіргі уақытта кәсіпорында тәулігіне шамамен 40-50 парақ материал өңделеді. Компания өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттырып, Қазақстандағы жиһаз өндірушілерге көрсетілетін қызмет аясын кеңейтуді мақсат етіп отыр.