Павлодарлық каратэшілер Қарағандыда он алтын алды

Павлодарлық каратэшілер Қарағандыда он алтын алды
Суретті қалалық білім беру бөлімі ұсынды

Кекушинкай-каратэден республикалық турнирде «Шахтер астанасының кубогы» ойнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, турнирде еліміздің 20 өңірінен қатысушылар күресті. Турнир қорытындысы бойынша өңіріміздің командасы жалпы командалық үшінші орынға ие болды. Олардың қоржынында 10 алтын, жеті күміс және он жеті қола медаль бар.

«Шахтер астанасы кубогының» иегерлері – № 29 ЖОМ 8-сынып оқушысы Саида Дүйсембенова және Ш. Шөкин атындағы гимназия-мектебінің 3-сынып оқушысы Әлішер Найманов. Оларды кекушинкай- каратэ мектебінде аға жаттықтырушы Еркебұлан Айтжанов дайындайды.

Саида Дүйсембенова каратэмен бес жасынан бастап айналысады. Ол өзіне сенген және әр қадамда қолдау көрсеткен командасына, жаттықтырушыларына, туыстарына, мектебіне алғыс білдірді.

–    Біздің аймақты таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жол оңай болған жоқ, бірақ кез келген жаттығу, кедергі мені күшейтті. Мен өз аймағымызды абыроймен таныстырып, табандылық пен еңбекқорлық табысқа жетелейтінін дәлелдей алғаныма қуаныштымын,  – дейді жеңімпаз.

Саиданың спорттық жетістіктерінің қоржынында 70 бірінші орын бар.

Жас спортшылар үлкен жетістіктерге жету үшін қазір әртүрлі деңгейдегі турнирлерде жаттығуларын жалғастыруда.