Павлодарлық колонияда алғаш рет америкалық ойындар өткізілді
Ойынға колониядағы мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық колонияда алғаш рет Cornhole ойындары өткізілді. Бұл – Солтүстік Америкадағы танымал ойын. Онда ойыншылар матадан жасалған қапшықтарды қашықтықтан тақтағы тесікке кіргізуі тиіс.
– Мұндай жарыстарды біз сотталғандар арасында алғаш рет өткізіп отырмыз. Бұл өз кезегінде олардың бос уақытын қызықты өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл ойынды мәдени іс-шаралар қатарына қосу жоспарлануда, – деді колония басшысы Сұлтан Бакин.
Ойынға 40-тан астам сотталушы қатысты, олардың арасында бірінші және екінші топтағы мүгедектер бар.
– Уақытым көп, барлық мәдени, спорттық шараларға қатысуға тырысамын. Бүгін бізге қызықты ойын ұйымдастырылды. Шынымды айтсам, маған қатты ұнады. Мекеме басшылығына біздің бос уақытымызды тиімді өткізуге тырысқаны үшін алғыс айтқым келеді, – дейді сотталушы Сергей.
Ол ауыр дене жарақатын келтіргені үшін жазасын өтеуде. Ойын соңында сотталушылар Алғыс хаттармен марапатталды.