Павлодарлық музейде Сәдуақас Шормановтың еске алу кеші өтеді
Қоғам қайраткердің туғанына 175 жыл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г. Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруыменен 16 қаңтар күні сағат 15.00-де қазақтың ХХ ғасырдың басындағы елеулі тұлғаларының бірі, жерлесіміз ақын, қоғам қайраткері Сәдуақас Мұсаұлы Шормановтың туғанына 175 жылдығына орай «Еңселі елдің тұлғасы» атты еске алу кеші ұйымдастырылады.
– Аталмыш іс-шара жас ұрпақты Отанды сүюге, казақ елінің ұлы тұлғаларын дәріптеуге, туған жеріне, мекеніне деген сүйіспеншілігін арттыруға, тәрбиелеуге, әдет-ғұрпын, тілін құрметтейтін, жаны таза, аламгершілігі мол, өз Отанын сүйетін азаматты қалыптастыруға, патриоттық сезімге баулуға бағытталған, – дейді ұйымдастырушылар.
Сәдуақас Шормановтан қалған поэзиялық мұра көп болуы тиіс. Ақын «Махаббат», «Мінәжат» деп аталатын көлемді толғаулар да жазған. Оның бірқатар өлеңдеріне ән де шығарылған көрінеді. Солардың ішінен бізге жеткені «Ардақ» әні ғана. «Ардақ» әнінің авторы – белгілі әнші-композитор Жарылғапберді Жұмабайұлы. Осы әуезді әні де орындалмақ.
Бұл шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері мен Павлодар облысы білім беру басқармасының «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің окушылары шақырылып отыр.
Айта кетейік, музей қорынан Садуақас Мұсаұлы Шорманов туралы арнайы көрме ұйымдастырылады.