Павлодарлық оқушы «Эковижн AI» жобасын ойлап тапты
Онда өсімдіктер мен жануарлар 3D форматта көрініс тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Табиғатқа деген сүйіспеншілік пен ғылымға деген қызығушылық бала бойында ерте жастан қалыптасады. Павлодарлық оқушы Санжар Амренов – осының жарқын үлгісі. Ол бірінші сыныптан бастап туған өлкенің флорасы мен фаунасын зерттеп келеді. Ал екінші сыныпта жинаған мәліметтерін негізге алып, ерекше цифрлық жоба жасауды қолға алған.
Санжар Амренов мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ата-анасымен бірге Ертіс орманы резерваты мен Баянауыл ұлттық паркіне саяхаттап, туған өлкенің табиғатын зерттеп келеді. Ол балықтар, жануарлар, құстар мен өсімдіктер туралы мол мәлімет жинақтаған. Қолдағы қызықты ақпаратымен өзгелермен бөлісудің жолын ойлаған Санжар оны үш өлшемді форматта бейнелеп, виртуалды әлемге айналдыруды жөн көрген.
– Мен соңғы үш жылда осы тақырыптағы жобаларды жазып келемін. Үшінші сыныпта мен әкеммен бірігіп ойын құрастырдым. Ол «Эковижн АІ» деп аталады. Біз оны жасанды интеллект арқылы жасадық. Әрі менде авторлық патент бар, - дейді Павлодар қаласы№35 ЖОББМ 3 - сынып оқушысы Санжар Амренов.
«Эковижн AI» – табиғатты танып-білуге арналған бес аймақтан тұратын интерактивті ойын. Онда өсімдіктер мен жануарлар 3D форматта көрсетіліп, сканерлеу арқылы олар туралы ақпарат алуға болады. Ең бастысы мұнда Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жауарлар мен өсімдік түрлеріне арналған бөлім бар. Мектепте Санжардың ойынын сабақ кезінде қолдануға дайын.

– Санжар үздік оқушылардың қатарында. Сонымен қатар, екінші сыныптан бастап, облыстық, қалалық деңгейде ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысып, осы уақытқа дейін өте көп жүлделі орындарға ие болды, - дейді Павлодар қаласы №35 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Асанова.
Санжар виртуалды әлеммен шектеліп қалмаған. Ойын барысында өзі жасаған жануарлардың 3D модельдерін арнайы принтер арқылы басып шығарады. Нәтижесінде экраннан көрген жануарларды енді қолмен ұстап, көлемді үлгісімен танысуға болады. Дарынды оқушының мақсаты қолындағы авторлық патентпен шектеліп қалмай, виртуалдық ойынды оқушылардың сүйікті ермегіне айналдыру.