Павлодарлық оқушы Калифорнияда қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттауда
Айзере Омар бір жылдық «Flex» алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
11-сынып оқушысы Павлодар қаласында дүниеге келген, бастауыш сыныптарда № 22 мектепте оқып, одан әрі «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі мен облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатта білім алды.
– Аталған бағдарламаның артықшылығы – тегін болуында. АҚШ үкіметі толығымен бүкіл шығындарды төлейді. Отбасымызда төрт бала. Әпкем физикаға жақын, Әл-Фараби университетіне оқуға түсті, кіші сіңлім заманауи K-pop билеуді жақсы көреді, ал кішкентай бауырым әлі екіде, – дейді ол.
Айзере шетелдің мәдениетін үйренумен қатар, АҚШ-тағы жаңа достары мен мұғалімдеріне, 750 оқушыға түрлі қызықты шаралар арқылы қазақтың елі мен жерін, салт-дәстүрлерін, мәдениетін, тарихын, тілін, күйлерін, ұлттық тағамдарын таныстырады. Ол үшін арнайы презентация және видеороликтер дайындайды. Оның бұл әрекетін қуана қабылдаған жаңа достары қазақ билерін билеп, ойындарын ойнайды.
– Мысалы, қазақ салт-дәстүрлерін сахналау арқылы таныстырдым. Тұсаукесу салт-дәстүрін көрсету үшін үш волонтёрді шақырып, біреуінің аяғын ала жіппен байлап, ақ матаға тұрғыздым, екі жағында тұрған адамдар баланың анасы мен кіндік шешесін ойнайды. Ала жіптің, ақ матаның мәнін, кіндік шешенің рөлін түсіндірдім. Баланың тұсауын кескеннен кейін ақ матаның соныңда түрлі ойыншықтар қойып, олардың маңыздылығын айтып бердім, – дейді жерлесіміз.
Сондай-ақ ол «Көзімнің қарасы» немесе «Балқадиша» өлеңдерін айтып, видео арқылы домбырамен қазақ өлеңдерін орындаған. Балалардың үстіне қазақы үлгідегі киімдерді кигізіп, қазақ тіліндегі сөздерді үйреткен, «Қазақстан» шоколадын таратып, қазақ мәдениетінің сұлулығын жеткізуге тырысқан.
Бүгінгі таңда Айзере испан тілін үйренуде және сән әлеміне деген қызығушылығы зор, ән айтуды жақсы көреді. Жаңа мектепте театрға, мюзиклға қатысып, жүзумен айналысады. Голливуд, Лос-Анджелес, Сан Диего, Сакраменто, Сан Францизско және басқа да жерлермен танысқан.
– Шетелде оқуды армандап, алдыма мақсат қойған едім. Жалпы, әлемді аралағым келеді. Бұл армандарым орындалады деп сенбедім. Шетелде оқығысы келетін балаларға айтарым – өзінің арманыңа жету үшін күнделікті жұмыс істеу керек, сонда еңбегінің жемісің көресің. Осы әлемде барлығы мүмкін, ешкім сенен артық емес, – дейді Айзере.
Айзере білім алатын жалпы білім мектепте қалаған іспен айналысуға болады: компьютерлік және медициналық академия, театр, хор, оркестр, испан және ағылшын ым тілдері, арт, жануарларға қамқор болу, ағаш қию, мәдениет және ғылыми сабақтары. Сондай-ақ чирлидинг, уатерполо, Американдық футбол (тек ұлдар үшін), футбол, бейсбол, баскетбол, теннис, жүзу, дайвинг, воллейбол, күрес сияқты түрлі спорттық іс-шараларға қатысуға болады.
– Мен өзім көптеген қиындықтарды өткердім, көп жұмыс жасадым. Бүгін өзімді батылмын деп санаймын. Бір жыл немесе алты ай бұрын менің көзімнен мұндай батылдылық байқалмайтын. Сондықтан шетелде оқуға ниетті жастар ағылшын тілін үйреніп, бағын сынап көре алады. Өте алмаған жағдайда мойымау керек, «trust the process» - процесске сең. Америкадағы бір жыл менің өмірімді өзгертті, – дейді ол.
Бүгінде Айзере АҚШ-та көптеген қызықты жерлерде болса да, туған елін, жерін, табиғатын, ұлттық асты, ата-анасын қатты сағынатынын және басқа елдің мәдениетін көріп, қазақ ұлты мәдениетінің байлығы ерекше екенін айтады.
Анастасия Костеева