Павлодарлық оқушы республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды

Білім додасы Өскемен қаласында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша төрт күндік республикалық олимпиаданың қорытындысын шығарды.
Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерінің 9-11-сыныптардың 200-ге жуық оқушысы, олимпиаданың облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары жиналды.
Олимпиада екі турдан тұрды – эссе жазу және ауызша тапсырма. Қатысушылар Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектері бойынша сайысқа түсті.
Олимпиада қорытындысы бойынша Павлодар қаласы Ә. Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Аяулым Солтанмұрат өз білімін растап, облыс қоржынына алтын медаль салды, ҚР Білім министрлігінің бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды.
– Аяулым – қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық және республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы және жүлдегері. Өткен оқу жылында аталмыш республикалық олимпиадада қола жүлдегер атанған еді. Үздік нәтиже көрсеткені мақтан тұтамыз, – дейді «Павлодар дарыны» орталығының әдіскері Жұмагүл Күреңбаева.
Айта кетейік, білім додасына Павлодар облысынан тоғыз оқушыдан құралған команда қатысты.