Павлодарлық оқушылар Абайдың қара сөздерін заманауи форматта насихаттайды

Павлодарлық оқушылар Абайдың қара сөздерін заманауи форматта насихаттайды
Фото: gov.kz

Классикалық шығармаларды трендке айналдыруды көздейтін облыстық байқау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір оқушылары арасында «Ұрпақ үні» облыстық жобасы аясында жаңа байқаулар легі жарияланды. Биылғы тақырып – Абайдың қара сөздері. Ұйымдастырушылар классикалық мұраны заманауи форматта қайта жаңғыртып, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашуды мақсат етіп отыр.

Жоба аясында үш түрлі бағыт ұсынылған. Алғашқы кезеңде, яғни 3–12 ақпан аралығында «Abai & Me / Абай және мен» атты рилс-челленджі өтеді. Мұнда оқушылар қара сөздерден үзінді оқып, қысқа бейнеролик арқылы өз көзқарастарын білдіруі тиіс. Одан кейін 20–23 ақпанда «Бала Би – Zaman Sөzi» айтысы ұйымдастырылып, жас шешендер сөз сайысына түседі.

Ең креативті бағыт – «Abai Generation» байқауы болмақ. 20–26 ақпан аралығында өтетін бұл кезеңде қатысушылар жасанды интеллектінің көмегімен 1,5 минуттық бейнеролик әзірлейді. Ерекшелігі – Абай идеялары өлең, поп немесе рэп форматында ұсынылуы керек.

Байқау жеңімпаздарын құнды сыйлықтар мен жүлделер күтеді. Қатысушылар өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде #AbaiAndMe, #БалаБиАйтыс және #AbaiGeneration хэштегтерімен жариялауы тиіс.