Павлодарлық оқушылар Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жатқа оқыды
Малайсары батыр мектебінде «Мәшһүр Жүсіп оқулары» республикалық байқауының қалалық кезеңі өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Павлодар дарыны» орталығының мәліметінше, байқауға қаланың 30 жалпы білім беретін мектебінен 8-11-сыныптың 81 оқушысы қатысты, оның ішінде 38 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды, бірінші орын – бес оқушы, екінші орын – 12, үшінші орын – 21.
«Алдым өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағытында бірінші орынды Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Мөлдір Мұратбек иеленді.
«Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» екінші бағытта бірінші дәрежелі дипломмен №29 мектебінің 9-сынып оқушысы Айғаным Мұрат марапатталды.
«Білімді зерек адам болам!» десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен» бағытында Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Ағайша Рамазан топ жарды.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы. Хандар, батырлар» бағытында бірінші орынды №25 мектептің 8-сынып оқушысы Камила Айтқазинова иеленді.
«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы. Би-шешендер, жырау-ақындар» бағытында М.Әлімбаев мектебінің 9-сынып оқушысы Алуа Абраева үздік деп танылды.
Байқау жеңімпаздары ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтетін облыстық кезеңге қатысады.