Павлодарлық оқушылар тақия тігуді трендке айналдырмақ
Осылайша, қыздар «Тренд тақия тігеміз» атты шеберлік сабағына қатысып, тақия тігудің қыр-сырын меңгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, ұтымды жолын таба білсе ұлттық құндылықты насихаттаудың амалы көп. Тек оны жаһандық үрдіске сай іске асыра білген жөн.
Шеберлік сабағы Катаев атындағы оқушылар сарайында өтті. Қазақтың ұлттық бас киімін насихаттауға арналған «Тренд тақия тігеміз» атты шеберлік сабағына Ленин кентіндегі Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйінің «Алтын оймақ» үйірмесі мен Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-гимназия интернатының «Кәусар бұлақ» әжелер мектебінің төрайымы, қол өнерші Ғалия Сұңғатова қолдау көрсетті. Іс шараға №25 ЖОББМ, «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі, дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернаты, Абай атындағы гимназия, Ә.Бөкейхан ататынлағы лицей-мектептірінің қыздары қатысты.
- Бүгінгі өткізіліп отырған шеберлік сабағымызды «Тренд тақия тігеміз» деп тегін атаған жоқпыз. Еліміздің ертеңі жас буынның қолында. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сол себептен ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын олардың бойына сіңіріп өсіру – біздің мақсатымыз, - деп атап өтті ұйымдастырушы Әсем Аипова.
Соңғы кездері жастар арасында түрлі-түсті, әшекеймен көмкерілген тақия кию сәнге айналған. Ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық нақыштағы бас киімін қайта жаңғыртып, осындай қазақ қызына сән берген тақияны тігіп жүрген Ғалия Сұңғатова тақияның шығу тарихын айтып, оның пішу жолдарын, сәндеп безендіруді үйретті. Қыздар қолөнерге, ұлттық дүниелер жасауға қызығушылық танытып, берілген маталардан тақия тігіп шықты. Өздері тіккен тақияны әз-Наурызға орай сыйға алды.