Павлодарлық параспортшы Әлем кубогында жүлдегер атанды
Жарыс Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әл-Айн қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара оқ атудан Әлем кубогы өтті. Бұл дүбірлі додада 39 елден келген 213 мықты спортшы бақ сынасты.
Жарысқа аймақ атынан Анна Довгелевич қатысып, ел абыройын асқақтатты. Ол – «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» тәрбиеленушісі, ҚР ұлттық құрама командасының мүшесі және пара оқ атудан ҚР спорт шебері.
Анна Довгелевич жарыс барысында жоғары шеберлігін көрсетіп, сегіз команда қатысқан R-10 mix жаттығуында үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, R-2 санатындағы жеке жарыста тоғызыншы орыннан көрінді. Бұл нәтиже оның халықаралық деңгейдегі тәжірибесі мен еңбегінің жемісі екенін айғақтайды.
Анна Довгелевич – еліміздегі пара спорттың дамуына зор үлес қосып жүрген спортшылардың бірі. Ол Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, сондай-ақ 2019 және 2023 жылдары өткен Қазақстан Республикасының жазғы паралимпиада ойындары мен 2021 және 2025 жылдардағы спартакиадалардың жеңімпазы атанған.
Жетістігінің артында тынымсыз еңбек пен жүйелі дайындық бар. Спортшының жеке жаттықтырушысы – Игорь Скрипин, ол Аннаның спорттық шеберлігін жетілдіру жолында аянбай еңбек етіп келеді.