Павлодарлық полицей жолдағы ең қазалы жағдай туралы айтып берді
Бұл жол-көлік оқиғасында екі адам көз жұмды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары Евгений Бровко мәлім етті.
– 8 қараша күні сағат 21:00 шамасында Астана - Павлодар автожолында «Лада» маркалы автокөліктің жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын сақтамай, өз машинасын жөндеп жатқан КамАЗ жүргізушісін қағып кеткен. Жүк көлігінің жүргізушісі мен «Лада» автомашинасының жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан жан тапсырды, – дейді Евгений Бровко.
Жыл басынан бері Павлодар облысының жолдарында 433 жол-көлік оқиғасы, ал былтыр 576 оқиға тіркелді. Яғни 143 оқыс оқиғаға төмендеді.
– Биыл жол-көлік оқиғаларында 538 адам зардап шекті. Жол-көлік оқиғалары кезінде адамдардың қаза табуы көбінесе олардың мас күйінде болғанымен байланысты болды, – дейді спикер.
Айта кету керек, мас жүргізушілердің қатысуымен тіркелген 22 апатта 14 адам көз жұмып,19 адам жарақат алды.