Павлодарлық полицейлер Новосібір автобусының жолаушыларына көмектесті

Павлодарлық полицейлер Новосібір автобусының жолаушыларына көмектесті
Фото: облыстық ПД ұсынды

Автобус тросспен сүйемелденіп, қалаға дейін жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментіне РФ Новосібір – Павлодар бағыты бойынша «Volvo» маркалы жолаушылар автобусы Успен ауданы Қозыкеткен ауылының жанынан өтіп бара жатқанда бұзылып қалғаны туралы хабарлама түскен. Дереу оқиға орнына полиция ротасының патрулі жіберілді. 

– Автобус салонында 32 адам болды, оның ішінде үшеуі – бала. Бұған дейін жеті жолаушы, оның ішінде үш кәмелетке толмаған бала өз бетінше басқа көліктермен кетіп қалған. Полиция келгеннен кейін көлік құралы тросспен сүйемелденді. Біздің қызметкерлер автобусты жолаушылармен бірге Павлодарға дейін жеткізді, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Жасқайрат Қайыров.

Новосібірден халықаралық жолаушылар автобусы Павлодарға таңертең ерте жету керек болған, бірақ ол 11 сағат кешігіп келді. 

Жүргізушілердің айтуынша, Ресей Федерациясының Қарасуық ауылына жетпестен автобус бұзылып қалған. Новосібір мемлекеттік автоинспекциясының қызметкерлері бұзылған автобусты шекара маңындағы қалаға жеткізіп, жөндеді. Осыдан кейін адамдармен бірге автобус соңғы бағытқа қарай жүре берді. Алайда, «Қосақ» шекара пунктінен әрең өтіп, біздің аумақта қайтадан бұзылды. Сол кездегі ауа температурасы -27°C дейін аяз тұрды. 

Облыстық ПД патрульдік полиция ротасы взводының командирі Ернар Макиннің сөзінше, жолаушылардың жағдайы жақсы.