Павлодарлық полицейлер виадуктарға орын таңдады

Павлодарлық полицейлер виадуктарға орын таңдады
Фото: автор

Жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жазатайым оқиғалардың көбеюі тәртіп сақшыларын белсенділікке итермелеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық қоғамдық кеңес президиумының отырысында Павлодар облыстық ІІД жол техникалық қызметінің аға инспекторы Арман Кәрібаев өз бастамалары туралы айтты. Алдымен ол қайғылы статистиканы баяндап берді.

- Жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғалары көбейіп кетті, - дейді Арман Кәрібаев. - Жыл басынан бері облыста 169 жол-көлік оқиғасы орын алды, оның ішінде 35-і кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған. Жол апатынан алты адам қаза тауып, 183-і жарақат алған.

Жаяу жүргіншілерге жол бермеген 1 654 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, полиция қызметкері жаяу жүргіншілердің өздері тәртіпке бағынбайтынын, олар көбінесе қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайтынын атап өтті: айналаға қарамайды, жолға қарай жүгіреді, көшеден өткенде құлаққаптарын шешпейді. Арман Кәрібаев мұндай жағдайда тәжірибелі жүргізушілердің де дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алмайтынын атап өтеді.

– Жол-көлік оқиғаларының көбеюіне жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жол инфрақұрылымының талапқа сай еместігі де әсер етіп отыр, – дейді полиция қызметкері. – Осыған орай, полиция бөлімшесі өткелдерді бояумен емес, төзімділігі жоғары термопластикпен қаптауды, үш және одан да көп жолақты көшелерге жылдамдықты азайтуды («лежачий полицейский» – автордың ескертпесі) орнатуды, жерасты және жерүсті өткелдерін жабдықтауды, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтауды ұсынып отыр.

Полиция қызметкері қоғамдық кеңес президиумы мүшелерінің виадуктерді қайда және қашан орнату жоспарланғаны туралы сұрақтарына да жауап берді. Арман Кәрібаевтың айтуынша, теміржол вокзалы, «Артур» және «Сургут» сауда үйлері ауданында жерүсті өткелдерін орнату жоспарлануда. Бұл мәселе облыс басшылығының қарауында.