Павлодарлық пробация қызметкерлері «Ана үйіне» барды
Орталық әйелдерге уақытша баспана мен жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының пробация қызметінің қызметкерлері қайырымдылық акциясы аясында «Ана үйі» қоғамдық қорының дағдарыс орталығына барып, гуманитарлық көмек көрсетті.
– «Ана үйі» орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ баласынан бас тарту қаупі бар әйелдерге алты айға дейін тегін уақытша баспана ұсынады. Сонымен қатар мұнда аналарға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, тамақпен қамтамасыз етіледі, – деді облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Мұндай іс-шаралар аналарды қолдауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға бағытталған.