Павлодарлық суретші сұрғылт қабырғаларға «жан бітіруде»

Павлодарлық суретші сұрғылт қабырғаларға «жан бітіруде»
Фото: Автор

Осылайша, ол – өзі тұратын үйдің кіреберісін ертегі әлеміне айналдырып, қабырғаларды «сөйлетті», деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, № 6/3 мекенжайындағы тұрғын үйдің кіреберісі ерекше өнер галереясына айналған. Мұндай өзгеріске себепкер болған — әуесқой суретші Олег Попов. Ол қарапайым баспалдақ алаңдарын ертегі әлеміне айналдырып, тұрғындардың күнделікті өміріне бояу қосты.

Кіреберіске жөндеу жұмыстары жүргізілетінін естіген Олег сұрғылт қабырғаларды суреттермен безендіруді ұсынған. Оның бастамасын көршілері де қолдап, суретші іске кіріскен. Бүгінде қабырғаларда ертегі кейіпкерлері, жануарлар, теңіз әлемі, тілектер ағашы мен өлең жолдары бейнеленген.

– Бұл идея күтпеген жерден келді. Жөндеу бастаған кезде бірінші қабатта бос орын қалды. Әйелім сол жерге бірдеме салсаң қайтеді деді. Мен бірінші ит пен үйшік, сосын үй, мысық салдым. Сөйтіп әрі қарай басқа сюжеттер пайда болды, — дейді Олег.

Ол суреттердің тақырыбын өзі ойластырып, кейде көршілерінің де ұсыныстарын ескереді. Бос уақытында барлық жұмысты өз күшімен әрі тегін атқаратын суретші бес қабаттың төртеуін көркем туындылармен безендірген.

Олегтің айтуынша, суреттер кіреберістің сәнін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың көзқарасына да оң әсер еткен. Бұрынғыдай қабырғаларды ластау азайып, ортақ кеңістікке деген құрмет артқан.

Олег Поповтың қарапайым бастамасы өнердің адам көңілін көтеріп, айналаны көркейтуге қабілетті екенін көрсетті. Кейде өмірге әсемдік сыйлау үшін үлкен қаражат емес, тек шығармашылық пен шынайы ықылас жеткілікті.