Павлодарлық жүргізуші есірткілік масаң күйде ұсталды
Автокөлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қауіпті жүргізуші» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында шаһарда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы үйдің жанында полицейлер «Лада Приора» автокөлігін тоқтатты. Ер адамның әрекеті күдік тудырып, ол медициналық тексеруден өтуге жіберілді.
Қорытынды бойынша жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Құжаттарды тексеру барысында оның 2024 жылдың қазан айында мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
– Автокөлік айып тұрағына қойылды. Қауіпті жүргізушіге қатысты тексеру амалдары жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаменті.
Полиция жүргізушілер мен жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол ережелерін қатаң сақтауға және ешқашан алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде рульге отырмауға шақырады.