Павлодарлық жүргізушілер қозғалтқыш майын қашан ауыстырғаны дұрыс?
Сарапшылар күн райына қарай май ауыстыру мерзімі мен бағасын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көліктің ұзақ әрі қалыпты жұмыс істеуі үшін қозғалтқышқа күтім жасау маңызды. Әсіресе, Павлодар сияқты қысы қатал өңірде майды дұрыс таңдау өзекті. Автосарапшы Богдан Гришиннің айтуынша, қазан-қараша айларында автосервистерге жүгінушілер көбейеді. Жергілікті жүргізушілер арасында 5W-30 түрі кең таралған. Себебі ол мезгіл талғамайды. Сонымен қатар, 5W-40 нұсқасын пайдаланатындар да бар.
– Негізі 10W-40 майын ауа температурасы -15 градусқа төмендегенге дейін қолдануға болады. Дегенмен алғашқы аяз түспей тұрып, қысқы май құйған жөн. Бұл қозғалтқыштың суық күндері бірқалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – деді Богдан Гришин.
Кейбір көлік иелері майды жылына екі рет, жазғы және қысқы маусым алдында жаңартады. Дегенмен мамандар күнтізбеге ғана емес, жүрілген қашықтыққа да назар аударуға кеңес береді. Орта есеппен әр 8 мың шақырым сайын ауыстырған жөн.
– Бүгінде мотор майының бір литрі бренді мен сапасына қарай 1800-ден 8000 теңгеге дейін сатылады. Сүзгілердің құны 2500-8000 теңге аралығында. Ал қажетті материалдарын өзі әкелген жүргізушілер қызмет көрсету үшін 3-4 мың теңге төлейді. Егер өнімді сервистен сатып алса, оны орнату ақысыз. Қозғалтқышты шаю секілді қосымша жұмыстар бөлек есептеледі, – деп толықтырды сарапшы.
Сондай-ақ сатып алу кезінде тауардың түпнұсқалығын тексеру қажет. Ол үшін қаптаманың сапасына, жапсырмасына және қорғаныш белгілеріне назар аударған жөн. Кейбір өндірушілер өнімнің түпнұсқалығын QR-код арқылы анықтауға мүмкіндік береді.