Павлодарлық жүргізушілер «әдемі» нөмірлерге 220 миллионнан астам теңге жұмсаған

Павлодарлық жүргізушілер «әдемі» нөмірлерге 220 миллионнан астам теңге жұмсаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «001», «007» нөмірлерін бір миллион теңгеге сатып алуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті.

– Биыл Павлодар облысының автокөлік иелері «әдемі» нөмірлерге 223 миллион 717 теңге жұмсады.  Клиент мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұсынылған нөмірлерден таңдау жасай алады немесе нөмірге өз қалауы бойынша тапсырыс бере алады, – деді филиал басшысы. 

Жүргізушілер ең әдемі – «001», «007» нөмірлерді бір миллион теңгеге сатып алған.

Көлік құралы сатылған жағдайда клиент өз нөмірінің сақталуын мамандандырылған ХҚКО-да өз атына қалдыруға құқылы. Қызмет бағасы – 10 000 теңге, егер клиент қалыпты нөмірді сақтауға қалдыруды шешсе, онда алты айдан кейін нөмір кәдеге жаратуға жатады, ал VIP нөмір ескіру мерзімінсіз сақталады. 

Автокөлік иесі үшін жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметі де қолжетімді. Өтінішті қосымша арқылы беруге және бір сағат ішінде мамандандырылған ХҚКО-да дайын жүргізуші куәлігін алуға болады.

– Автокөлікті сатып алу және ресімдеу кезінде әрбір азамат автокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірін алуға міндетті, – деді Асылбек Сапарбек. 

Бұл ретте, автокөлік иелері өз көліктерін eGov.kz порталында, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қайта рәсімдей алады. 

Айта кетерлігі, биыл жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет алуға 52 мыңнан астам өтініш ресімделген.