Павлодарлық жас таланттар Новороссийскіде топ жарды

Павлодарлық жас таланттар Новороссийскіде топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұнда халық аспаптарында орындаушыларға арналған III Халықаралық «Soul of Nation» байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылардың арасында Павлодар қаласының Музыкалық кешенінің тәрбиеленушілері ерекше дарынымен оқ бойы озық шығып, еліміздің абыройын асқақтатты.

Байқаудың ең тартысты кезеңдерінде павлодарлық баяншылар нағыз шеберліктің үлгісін көрсетті. «Баян» номинациясы бойынша Арслан Жанабай мен Нұриман Ниязбек кәсіби орындау мәнері мен терең музыкалық түйсігінің арқасында І дәрежелі лауреат атағын жеңіп алды. Қазылар алқасы жас музыканттардың сахналық мәдениеті мен күрделі шығармаларды еркін меңгеруін жоғары бағалап, оларды үздіктер қатарына қосты.

Гитарашылар мен домбырашылар тобы да жүлделі орындардан көрініп, мектеп абыройын асқақтата түсті. Атап айтқанда, Карина Үсенова, Максим Кравец және Артём Низевич «Гитара» номинациясында ІІ орынды иеленсе, ұлттық аспаптың үнін құйқылжытқан Анна Выгас мен Мария Измаилова «Домбыра» номинациясында ІІІ орынға табан тіреді. Сонымен қатар, ұжымдық бірліктің символына айналған «Лад» ансамблі «Ансамбль» номинациясында жоғары жүлдені қанжығасына байлап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл айтулы жеңістің артында шәкірттерін өнер биігіне баптаған ұстаздардың ерен еңбегі жатыр. Музыкалық колледждің білікті педагогтардың кәсіби бағыт-бағдары жас өнерпаздардың халықаралық аренада мойындалуына жол ашты.

Фотосуреттерді облыстық білім беру басқармасы ұсынды