Павлодарлық жазушы мерейлі 80 жасқа толды

Павлодарлық жазушы мерейлі 80 жасқа толды

    Достық үйінде ақын, журналист Ақын Алақанұлының мерейтойына арналған «Жазушының нұрлы әлемі» атты рухани-әдеби кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodaenews.kz тілшісі.

     Кешке жиналған жыр дүлділдері жазушыға жүрекжарды тілектерін білдірді. Сонымен қатар, тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Сөз зергері» көрмесі ұйымдастырылып, ақынның жеке заттары мен фотосуреттері, кітаптары қойылады.

   

     Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан ақынды аймақ басшысының атынан мерейлі жасымен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады және «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. 

   – Ертіс-Баян өңірінің ұйысып, бірінің жақсылығына екіншісі қуанып, жинала қалып құттықтауы – жақсы үрдіс. Бұл көңілді қуантады. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, шығармашылық табыс тілейміз. Жалпы, қазақ қай жерде де қазақ. Баян-Өлгий – о баста қазақтың қарашаңырағы атанған елдердің бірі.  Ол жақтан 1991 жылдан бері қарай келіп жатқан қандастардың білімі жағынан жоғары, жазудан кенде емес, – дейді Медет Тауасқан.

    Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, жазушы, ф.ғ.к. профессор Серік Елікбай Ақын Алақанұлы  қазақтың алақанында жүрген ақын екенін атап өтті.  

   – Менің танымымда Ақын ағамыз пәлсафаны меңгерген, қазақтың ақыл-даналығын бойына жинаған ақсақал. Бойындағы тереңінен тартатын тектілік, оңайға күйіп жанбайтындығы, я болмаса араласпайтын тұста қалыс қалатындығы, ел деген кезде еңсесін көтеріп шығатыны, кеудесіндегі көгөрай сөз, елдің ақсақалы деп ұсынатындай мол қасиеті бар ағаларымыздың бірі, – деді Серік Елікбай.

     Қаламгер 1943 жылы дүниеге келген. 1967 жылы Монғолияның мемлекеттік техникалық университетін жылу инженері мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Баян-Өлгий аймақтық жылу-электрстанциясында инженер, цех бастығы болып бастап, кейін аймақтық жастар комитетінің бірінші хатшысы, партия комитетінде бөлім меңгерушісі, қазақ музыкалық драма театрының директоры қатарлы қызметтерде жүріп, 1992 жылы шілде айында атамекенге көшіп келген. 

   

      Жазушы 1992-1996 жылдың соңына дейін Лебяжі ауданы Қызылағаш селолық округ әкімі, 1997-2006 жылдарда облыстық статистика басқармасында экономист қызметін атқарып, құрметті демалысына шыққан.

      «Менің анам», «Елім-жерім», «Ана жүрегі», «Сүйіктім менің» атты әңгімелері мен повестерінің, «Асулар» романының авторы. Өлеңдері түрлі газет, журналдарда жарияланған. «Атадан қалған тұяқ», «Тағдыр» спектакельдері мен ондаған шағын көрнісі театр сахналарында қойылған. 1985 жылы Ұланбатырда таңдамалы шығармалар жинағы монғол тілінде басылып шыққан. Қаламгер қаламынан соңғы жылдары туған қомақты да көркем туындыларының бірі – «Қарасай мен Қызылсай» повесі.

     Фото:Бекболат Сауырбай