Павлодарлық жеті баланың анасы: Өнерге келуіме егіз қыздарым себеп болды

Павлодарлық жеті баланың анасы: Өнерге келуіме егіз қыздарым себеп болды
Фото: автор

Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы анамен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жеті баланың анасы, қолөнерші Жаңагүл Айдаубай жастармен кездесіп, өзінің өмір жолынан сыр шетті.  

Ертіс ауданының тумасы көпбалалы отбасында тәрбиеленген. 

Қолөнерді жастайымыздан көріп өстік. Бірақ өзім бұл өнерге 2015 жылдан бастап келдім. Оған себеп болған – менің егіз қыздарым. Олар дүниеге келгенде отбасымызда біраз қиындықтар болды. Балаларымздың денсаулығы сыр беріп, жұмысқа шыға алмадым. Сол қиындықты жеңу мақсатында қолөнерге келдім.  Қазіргі таңда осы қолөнермен табыс тауып отырмын, – дейді Жаңагүл Айдаубай.  

Шебер – екі жоғары мамандық иесі, «Қазақ аналары –  дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. 

Ол қолөнермен айналыса бастағанда балаларға көз тиме жасап бастағанын атап өтті. Қазіргі таңда шапан, көрпе, түрлі тойбастарларға арналған заттар, қазақи нақыштағы әшекейлер, жұмсақ ойыншықтар тігеді, жасайды. 

Үйде өзімнің шеберхана бұрышым бар. Сырт көзге жеті баламен қиын көрінгенмен, ынта, ниет болғандықтан, мен үшін ешқандай қиыншылық тудырмайды. Жақында қызыма Наурыз мерекесіне арнап шапан мен тақияны екі күнде тігіп бердім. Қазақтың «Ана бір қолымен бала тербетсе, екінші қолымен әлем тербетеді» деген қанатты сөздерінің мағынасы өте терең. Барлығы ниетке байланысты, – дейді Жаңагүл Айдаубай.

Қолөнерші өмірдегі басты бақыты балалары екенін айтады. Балаларының санасына үнемі «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы сіңіруге тырысады.