Павлодарлықтарға орманда өрт қауіпсіздігін сақтау ескертілді
Өңірде өрт қауіпті кезең жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, табиғи өрттердің басым бөлігі адам әрекетінен болады. Оған сөндірілмеген алау, темекі тұқылы немесе орманда қалдырылған қоқыс себеп болуы мүмкін.
Құтқарушылар тыйым салынған жерлерде от жақпауға, сөндірілмеген темекі тұқылдары мен сіріңкелерді тастамауға, шыны бөтелкелер мен басқа да қоқысты орманда қалдырмауға шақырады. Сондай-ақ қатты жел кезінде ашық отты пайдаланбау және автокөлікті құрғақ шөптің үстіне қоймау қажет, өйткені қызып тұрған бөлшектер өрттің шығуына түрткі болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға түтін немесе өрт белгілерін байқаса, оны елемей кетпей, 112 нөміріне дереу хабарлауды сұрады.