Павлодарлықтарға патриоттық ленталар табысталады

Барлығы 30 мың дана лента дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қала және аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, 15 мамырға дейін өңірлік іс-шаралар тізімін құрып, соғыс ардагерлерін құрметтеуге, аға ұрпаққа құрмет көрсетуге, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған 200-ден астам іс-шара жоспарланған.
Облыста 5-7 мамыр аралығында аймақ тұрғындарына 30 мың дана көлеміндегі «Жеңіс лентасы» патриоттық лентасын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы логотипі бейнеленген мемлекеттік тудың түстерін жаппай тарату ұйымдастырылады. Ленталар қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде таратылады.
Сондай-ақ мереке күндері жыл сайынғы «Үлкенге құрмет» акциясы өтеді. Аталған акция аясында жастар тыл еңбеккерлерімен кездесіп, ардагерлердің үйіне барады, аулаларды тазалауға көмек көрсетеді және азық-түлік таратады.