Павлодарлықтарға жент дайындаудың әдісі көрсетілді

Павлодарлықтарға жент дайындаудың әдісі көрсетілді
Фото: автор

Колледж студенттері ұлттық тағам мен сусындарды жасау бойынша шеберлік сабақты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана жариялаған «Ұлттық күн» жобасы жалғасын табуда. Жыл бойы әр айдың 15-і қазақылыққа тән ерекшелікпен әдет-ғұрыпты жаңғыртуға, құндылықтарды жаңғыртуға арналып, кең көлемде аталып өтілетін болады.

– Бұған дейін ұлттық киімдер күнін ұйымдастырдық. Наурызда кешенді түрде ұмыт болған салт-дәстүрлерді көрсеттік. Ал енді қазақтың тағамдарына ерекше тоқталып, дегустациялық көрмені ұсынып отырмыз,– деді облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова. 


Павлодар сервис және тамақтану колледжінің өндірістік оқыту шеберлері мен студенттері жент дайындаудан шеберлік сабағын өткізді. 

– Жентті қуырылған тарыны үгітіп, сары май қосып дайындайды. Дәміне қарай қант қосылады да, пішінге келтіріледі. Жент – қазақ халқының өмір сүруіне байланысты қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын тағам болып табылады,– деді колледждің 2-курс студенті Наргиз Алтынбек. – Мен өзім жент дайындауды анамнан үйрендім. Ол ауылда қоспа, май, қаймақ, жент деген тағамдарды жиі жасап отыратын. 


Келген қонақтарға наурыз көженің де жасалу техникасы көрсетілді. Дастарханның басында бауырсақ, сүттен жасалған өнім түрлері болды. Сондай-ақ, ұлттық тағамдар жайлы жазылған кітаптардан көрме қойылды. Ал, павлодарлық қолөнерші Махмет Қайнарбек сүйек, мүйіз, теріден жасалған және ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар туралы айтып берді. 

Айта кетейік, облыстық кітапханада 15 мамырда «Қазақ халық ертегілері күні» шарасы жоспарланған.