Павлодарлықтарға жылыту маусымында пешті пайдаланудың қауіпсіздігі түсіндірілді
Жылыту маусымы басталғанда пешті пайдалану ережелерін бұзу салдарынан өрт шығу және көміртек тотығынан улану қаупі артады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көптеген оқыс оқиғалар пештің, мұржаның ақаулы болуына және өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамаудан орын алады.
Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін мына ережелерді сақтау қажет:
- жылыту маусымы басталмас бұрын пештің, мұржаның және желдету арналарының жарамдылығын тексеру;
- мұржаны күйеден уақытында тазалау;
- жарығы бар, кірпіші бүлінген немесе от жағатын есігі ақаулы пешті пайдаланбау;
- от жағу үшін бензин, керосин және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды қолданбау;
- жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау және оны жағуды балаларға тапсырмау;
- киімді, аяқ киімді және басқа да жанғыш заттарды пештің үстінде немесе оның жанында кептірмеу;
- от жағатын тесіктен қауіпсіз қашықтықта отын, көмір және басқа да жанғыш материалдарды сақтау;
- ұйықтар алдында пештегі оттың толық сөнгеніне және көмірдің түгел жанып біткеніне көз жеткізу.
Автономды түтін өрт хабарлағыштары мен көміртек тотығы датчиктерін орнатуға ерекше көңіл бөлу керек. Бұл құрылғылар қауіп туралы уақытында ескертіп, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Түтін иісі шықса, пештің ақауы байқалса немесе тарту күші нашарласа, ақаулар жойылғанға дейін пешті пайдаланудан бас тартыңыз.
Есте сақтаңыз, пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау — үйіңіздің, өміріңіз бен мүлкіңіздің қауіпсіздігінің кепілі.
Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 телефондарына қоңырау шалу маңызды.